Рустам Халфин Санкт-Петербордың стерлиговтықтарға жататын көптеген суретшілермен: Геннадий Зубков, Алексей Гостинцев, Александр Носов, сондай-ақ Елена Гриценкомен етене араласып, жақын дос болған.
Елена Анатольевна Гриценко 1947 жылы Красноярск қаласында дүниеге келген. 1967 жылы Суриков ат. Красноярск көркемсурет училищесін бітірді, 1973 ж. – И.Е. Репин ат. Ленинградтық көркем сурет, мүсін және сәулет институтының білек графикасы бөлімін (А.Ф. Пахомовтың шеберханасы) тәмамдаған. 1972 ж. Стерлиговпен танысып, оның суретшілер тобына қосылады. Бұл оның жеке, жарқын стилін анықтауға септігін тигізіп, содан кейін ол В.В. Стерлигов және Т.И. Глебованың шеберханаларындағы көрмелерге қатысқан. 1973-1981 жж. ол үлестіру бойынша Тихвин қаласына барады, сол жерде өнер мектебін құруға атсалысып, сабақ береді. 1981 ж. ол Ленинградқа оралып, кітап графигі болып жұмыс істеген.
Елена Гриценко - Ресей Суретшілер Одағының (1988), Халықаралық суретшілер федерациясының (IFA, 1991) мүшесі. Санкт-Петерборда тұрады және жұмыс істейді.
Елена Гриценконың туындыларында керемет сұлулық пен үйлесімділіктің таңғажайып әлемдері гүлдеп тұрады. Әйелдер портреттері гүл шоқтарына айналады, ежелгі Жапонияның сарай маңы ханымдары көлеңкелі әдемі баққа ұқсайды. Елена Гриценконың сүйікті түсі – жасыл реңктердің отшашуы өзінің әртүрлілігі және тіршілік күшімен таңдандырады. Біресе байсалды және дөңгелек, біресе өткір және жылдам келетін пішіндер мен сызықтардың арбап әкететін қозғалысы, жасыл жарықтың сиқырлы тұманымен біріктіріледі. Дарынды қылқалам суретшінің әрбір көркем бейнесінде, әрбір туындысында байқалатын жұмақ бағы туралы естеліктерді сақтап жүрген іспетті.