Рустам Халфин – авангард өнерінің жарқын өкілі, Қазақстандағы алғашқы постмодернистердің бірі, нысан («дайын зат» стилінде), инсталляция, перформанс сияқты заманауи өнер нысандарының бастамашысы; қазақстандық бейне-арт пионері. Көптеген кураторлық жобалардың авторы әрі қатысушысы бола тұра, Орталық Азия аймағындағы, сол секілді одан тыс жерлерде де «өзекті» суретшілер шығармашылығының қалыптасуына әсер етті.
Рустам Халфин 1949 жылы 14 қазанда Ташкентте майдангер Нұрмұхамед Әбдірахманұлы Халфиннің отбасында дүниеге келген. 1950 жылдан 2007 жылға дейін Алма-Атада тұрып, жұмыс істеген.
1972 жылы Мәскеу сәулет институтын бітірді.
"Мен Корбюзьеден бастағанмын. Оның бір натюрморт арқылы бүкіл әлемнің идеясын жеткізуге болатындығы туралы сөзі өзім және шығармашылығым үшін аса маңызды болды. Мен Алма-Атада оқуды бастадым және үшінші курста оқып жүргенімде Мәскеу сәулет институтына ауыстым.
Менің көркем суретке деген нағыз қызығушылығым 1985 жылы басталды. Ленинградтан енді келген кезім еді, ол жерде мен Геннадий Зубковтың жетекшілігімен Стерлигов жүйесі бойынша оқыдым. Алма-Атаға оралып, өз үйімде сабақ өткізе бастадым. Бұл қалыпты нәрсе еді. Боря Якуб та, Саша Ророкин де, Абылай Қарпықов және Нәзипа Еженова да келетін. Стерлиговтың 1926 жылдан бастап Көркем мәдениет институтында жасаған белгілі бір бағдарламасы болған.
Әдістеме әбден пысықталған. Пішіндеудің үш әдісі: бөлу, пішіндеу, пішінді пішін жасайды. Егер Стерлигов өзінің шығармашылығының негізінде христиан дініне негізделген табақша-күмбезді жүйені алса, мен көшпенділер мәдениетін негізге алып, өзіндік бір дүниені жасағым келді. Әрі мен оның негізі ретінде нені алуға болатындығын білемін. Алайда мені қарама-қайшылық емес, осы дәстүрлердің байланысы және бірін-бірі өзара толықтыруы толғандыратынын атап өткім келеді. Егер Стерлигов, осы тұста, астын сызып тұрып айтамын, киелі күмбезді алған болса, онда бізде киіз үй, көшпенділердің қарапайым үйі бар. Ал табақша-күмбез жүйесіндегі табақша ұғымына кесеміз сәйкес келіп отыр".
1972 жылдан бастап 1983 жылға дейін Рустам Халфин Алма-Ата жобалау институттарында жұмыс істеді, сонымен бірге көркем суретпен айналысқан. 1983 жылдан бастап өзін толығымен өнерге арнап, абстракционизм мен орыс авангардының дәстүрлеріне бет бұрады. Халфин кескіндеме, қарындашпен сурет салудан фотосуретке, нысанға, инсталляция және бейнеге ауысады.
1995 ж. бастап Халфин постмодернизм бағытында жұмыс істеп, «Еуразиялық утопия», «Саз жобасы» сияқты ірі көркем жобалар, «Солтүстік варварлар» бейне-арт аясында концептуалды суретші ретінде өз қызметін жүзеге асырды.
1998 жылы ол «Нөлдік деңгей» атты суретшілер тобын құрған, сонымен бірге 2001 жылға дейін өзінің «Look» заманауи өнер галереясының ұйымдастырушысы және директоры болған. «Саз жобасы» «LOOK» галереясының екі қабатын да алып жатты: бірінші қабатта адамның үлкен фигурасы тұрды, оның үлкендігі соншалық, тіпті, бір тізесі мен қолы төбені тесіп, екінші қабаттың сазды еденіне шығып тұрғандай көрінетін.
"Бұл менің ең жақсы жұмыстарымның бірі. Бөлшектелген кейіпкердің фигурасы – бүгінгі әлемдегі адамдардың, атап айтқанда біздің өнер қауымдастығының бөлінуінің метафорасы. Ол бірігуге, жағдайды ұғынуға және халықаралық мәдени қоғамдастыққа Қазақстанды лайықты түрде ұсына алатын стратегияны жасап шығаруға шақыратын".
2005 жылы Халфиннің жұмыстары беделді Венециандық биенналеде Орталық Азия павильонында ұсынылған, сол кезде Қазақстандық заманауи өнер әлемде алғаш рет таныстырылған еді.
Рустамның әйелі әрі оның музасы – суретші Лидия Блинова, Халфин онымен бірге пәтердегі көрмелерді үнемі өткізетін.
Рустам Халфин «пулота» тұжырымдамасын жасап шығарды – бұл бір уақытта бос қуыстық пен толықтықтың үйлесімі. Бұл сөз саусақтардың арасында пайда болатын қарапайым пластикалық нысанды білдіреді – әрі ол ауадан немесе балшықтан жасалсын, бұл маңызды емес.
Бүгінде Рустам Халфин мұрасының бір бөлігі болып келетін 200 астам туынды белгілі: картиналар, инсталляциялар, суреттер, фотосуреттер, мәтіндер және т.б.
Оның туындылары Мемлекеттік Третьяков галереясында (Ресей), Нью-Джерсидегі (АҚШ) Zimmerly-нонконформистік өнер мұражайында, MuHKA қазіргі заманғы өнер мұражайында (Бельгия), Алматыда Ә. Қастеева ат. Мемлекеттік өнер мұражайында, Астанадағы Қазақстанның Ұлттық мұражайында, сондай-ақ басқа да мұражайлар мен жеке коллекцияларда сақталған.
Рустам Халфин 2008 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстанның Үңгіртас ауылында ұйықтаған кезінде дерлік қайтыс болған.
2021 жылы суретшінің жиені және мұрагері Руслан Халфин суретші Рустам Халфин атындағы қазақстандық қоғамдық қорды құрған. Оның мақсаты – Рустам Халфиннің шығармашылық мұрасын сақтау және зерттеу.