Рустам Халфин бірегей өнер шығарушысы ғана емес, сонымен қатар зияткер, әрі Стерлигов мектебінің дарынды ізбасары болған. Владимир Васильевич Стерлигов (1904-1973) – әйгілі ленинградтық авангардшы, Казимир Малевичтің шәкірті, әрі өзіндік пластикалық жүйені жасап шығарып, супрематизм кеңістігін өзгертіп, одан шыға алған. 70-90-шы жылдары Рустам Халфин оның «сопақ-күмбезді сана» теориясын дамытқан ізбасарларының қатарына кірген.
1929-1934 жылдары Стерлигов «Кірпі» және «Сары шымшық» балалар журналдарымен жұмыс істеген, обэриут-ақындарына жақын болған, А. Введенский мен Д. Хармстың кітаптарын безендірген. Л. Юдин, В. Ермолаева, К. Рождественскиймен бірге кескіндемелік-пластикалық реализм тобына кірген.
1934-38 жж. коммунистік режим тарапынан қуғын-сүргінге ұшыраған Владимир Стерлигов Карлагтың тұтқыны болды. Бостандыққа шыққаннан кейін суретші Қарағандыда бірнеше жыл тұрған, дегенмен осы қысқа уақыт аралығында ҚазКСР Суретшілер одағының жергілікті бөлімінің ұйымдастыру бюросының төрағасы болып үлгерген.
Стерлигов майданда алған контузиядан кейін Қазақстанға екінші рет келеді. 1942-1945 жж. Алма-Атада тұрып, жергілікті театр-көркемсурет училищесінде сабақ берген. Тағдыр оны Павел Филоновтың шәкірті, суретші Татьяна Глебовамен байланыстырады. Владимир Стерлигов Алматыда көркемдік іс-шараларды ұйымдастырған: Қызыл армияның орталық үйінде, госпитальдарда жұмыс істеген; Суретшілер одағында студия ұйымдастырып, сол жерде көркемдік мәселелерді дамытумен айналысқан; көркемсурет училищесінде тарих пен перспектива бойынша дәріс берген; радиода әдеби хабарларды жүргізген; фрескалық көркем сурет техникасын меңгеріп, Қазақстан Суретшілер одағының қабырғаларына фреска салған. ҚазБӨ-мен жасалған келісім бойынша балаларға арналған жеті кітапқа иллюстрацияларды жасаған. 1945 жылдың соңында Ленинградқа оралды.
1962 жылдың басында өзінің ұстазы К. С. Малевичтің бейнелеу өнердегі үстеме элементтер туралы теориясын дамыта отырып, Стерлигов 1960-шы жылдардағы өнердің жаңа үстеме элементін — «түзу-қисықты» ашады. Оның теориясы «табақша-күмбезді сана» деген атауға ие болады. 1962 жылы Стерлигов өз идеясы туралы басқа суретшілермен бөліседі де, оларды жаңа пішінмен жұмыс істеуге, сфералық, қисық сызықты — жаңа пластикалық кеңістікті жасауға тартады.
1971 жылы Ленинградта Рустам Халфин В. В. Стерлиговпен кездесіп, оның жеке тұлғасы және шығармашылығына тәнті болады. Алматыға оралған соң Рустам Халфин Владимир Стерлиговтың идеяларын насихаттап, ізбасарларының пәтерлік көрмелерін ұйымдастырған.