Қазақстандық заманауи арт-сахнаның қалыптасуында Лидия Блинова және Рустам Халфиннің дуэті маңызды рөлге ие болып отыр. Олар ерлі-зайыпты ғана емес, сондай-ақ өнердегі серіктестер болған, сәулет, көркем өнер, мүсін, перформанс – секілді бірнеше пәннің қиылысында орналасқан ортақ тұжырымдамалық жобаларды жасаған.
Халфиннің өзі Блинованы «альтер эго» деп атаған.
Лидия Алексеевна Блинова 1948 жылдың 30 қыркүйегінде Алматыда дүниеге келген. Лидия тарихқа кеңестік қазақстандық сәулетші, дизайнер, суретші, ақын, мүсінші, зергер, әрі кітаптар, қойылымдар, кинофильмдердің суретші-көркемдеушісі ретінде енген.
1962 жылы, 13-14 жасында Лида Рустаммен бірге Алматыдағы Пионерлер сарайындағы бейнелеу студиясына қатыса бастайды. 1971 жылы Лидия Қазақ политехникалық институтының сәулет факультетін бітіреді.
Лидия Блинова туралы Рустам Халфиннің өзі былай деп айтатын:
"Лиданы бәрі де жақсы көретін еді. Мен онымен Пионерлер сарайының студиясында танысқанмын. Біз сәулет факультетіне бірге оқуға түскенбіз. Ол кезде 13-14 жаста едік. Ол маған құмыраны лақтырған, бірақ тигізе алмады. Сол сәттен бастап махаббатымыз басталды.
Ол суретті менен гөрі жақсы салатын еді. Өйткені Лида ағаш мүсіншісі ретінде жұмыс істеп бастаған. Ол Иткиндке барып, оның шеберханасында оқыған, тамаша мүсін жасайтын. Меніңше, Иткиндтен де жақсы болған. Ол жан-жақты дарынды адам еді. Павел Яковлевич Зальцманмен бірге "Жасқаншақ апостол" бойынша, Сергей Бодровпен де бірге жұмыс істеген. Оның «Кәсіби емес адамдар» фильмінде ол костюмдер бойынша суреткер болған. Әрі балаларға арналған қуыршақ қойылымдарын қойған. Ол зергерлік бұйымдардың түр-түрін жасай отырып, пластикпен жұмыс істеген. Одан геологиялық деп аталған цикл де сақталды. Ол өте зиялы адам болған және ешқашан өз жұмысына қолтаңба қоймайтын... Лида нағыз сиқырлы, тапқыр әйел болған. Тағдыр оны тым ерте алып кетті".
Лидия Блинова Рустам Халфин, Абай Қарпыков, Борис Якуб және тағы да басқа суретшілермен бірге В.В. Стерлигов мектебінің ізбасарлар тобына кірген.
Сәулетші Алмас Баймұханұлы Ордабаевтың «Батыс Қазақстан архитектурасы» атты кітап жобасының дизайнері болған.
Юрий Туманянның жетекшілігімен сәулетшілер тобының құрамында Алматыдағы жаңа алаң жобасының нұсқаларын әзірлеуге атсалысқан.
Лидия Блинова 1996 жылы 4 наурызда Алма-Атада аурудан қайтыс болды, ол 48 жаста еді.