Казимир Северинович Малевич (1879 – 1935) – ұлты поляк болып келетін кеңестік суретші-авангардшы, педагог, өнер теоретигі, философ. Абстракционизмнің ең ірі бағыттарының бірі – супрематизмнің негізін қалаушы.
Супрематизм – ХХ ғасырдағы абстрактілі өнердің ең ықпалды бағыттарының бірі. Супрематизмдегі дүниенің құрылымы қарапайым геометриялық пішіндер арқылы бейнеленеді: түзу сызық, тік төртбұрыш, шеңбер, кеңістіктің шексіздігін білдіретін ашық фондағы шаршы. Әйгілі «Қара шаршы» туындысынан бастау алатын супрематизм идеялары сәулет, сценография, полиграфия, өнеркәсіптік дизайнда көрініс тапқан. "Супрематизм Жермен байланысты орнатады, алайда өзінің экономикалық құрылымдарының салдарынан, сөздің қарапайым мағынасында планеталық жүйенің қозғалатын мызғымас массаларының кеңістігімен қосылып, Жердегі заттардың бүкіл сипатын өзгертеді", – деп айтқан Казимир Малевич.
1923 жылы Малевич «үстеме элемент» теориясын белсенді түрде дамытқан, әрі бұл оның «Әлем заттылықсыз ретінде» атты негізгі трактатының бір бөлігіне айналған. Осы ұғым арқылы ол жаңа өнердің эволюциялық механизмін түсіндіруге тырысты. Оның пікірінше, жаңа өнердің әрбір жүйесінде белгілі бір басым пластикалық «атомды», сол жүйе туралы тұтас ақпаратты қамтитын құрылымдық модульді бөліп көрсетуге болады. Бөтен көркем ортаға енген кезде ол «ықпал агентіне» айналады, әрі микроб немесе вирус секілді әрекет етіп, оны жаңа бастамаларда біртіндеп өзгертіп отырады.
Рустам Халфин Владимир Стерлиговтың шәкірті болған, ал ол өз кезегінде Казимир Малевичтің шәкірті еді. Рустам Халфиннің көпжылдық ізденістерінің нәтижесі "пулота" болып келеді – бұл Рустам Халфин ойлап тапқан жаңа үстеме элемент.
"Пулота" ұғымы туралы мына сілтеме бойынша сайтымыздағы мақаладан оқып алуға болады.